2026 жылғы 25-26 тамызда ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде науқастарды тегін офтальмологиялық тексеру жүргізілуде. Диагностикалық тексеру жүргізу үшін госпиталь аумағына Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мобильді офтальмологиялық орталығы келді.
Тексеру Ұлттық госпиталь мен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылып, науқастар үшін мамандандырылған офтальмологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде жұмыс, оқу және күнделікті өмір компьютерлермен, смартфондармен және басқа да цифрлық құрылғылармен тығыз байланысты. Бұл көру мүшелеріне түсетін жүктемені арттырады. Сонымен қатар барлық науқас офтальмологқа уақтылы жүгіне бермейді. Осыған байланысты мобильді формат диагностиканы науқасқа жақындатып, алғашқы тексеруді Ұлттық госпиталь аумағында тікелей өткізуге мүмкіндік береді.
«Егер науқас офтальмологқа уақтылы келе алмаса, біз өзіміз науқасқа бара аламыз. Мобильді диагностикалық орталық жобасы осы идея негізінде әзірленді», - деп атап өтті Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының маманы.
Мобильді офтальмологиялық орталық Қазақстандағы осындай алғашқы жоба. Диагностикалық автобуста Ұлттық госпиталь науқастары көру өткірлігін тексеріп, көз рефракциясын анықтай алады, көзішілік қысымды өлшетіп, офтальмолог-дәрігердің алғашқы тексеруінен өтіп, көру мүшелерінің жағдайы туралы алдын ала қорытынды ала алады.
Мамандардың бақылауы бойынша, жас науқастар арасында жиі кездесетін мәселелердің бірі құрғақ көз синдромы. Дәрігерлер бұрын көбіне егде жастағы адамдарда кездесетін кейбір аурулардың бүгінде жас науқастардан да анықталып жатқанын атап өтеді. Соның бірі катаракта.
Тексеру барысында ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін ауруларға ерекше назар аударылады. Солардың бірі глаукома. Науқас ағзасында болып жатқан өзгерістерді сезбеуі мүмкін, ал ауру бұл уақытта біртіндеп өрши береді.
Көру өткірлігінің төмендеуі, көздің жиі жасаурауы және көру мүшелеріндегі басқа да өзгерістер офтальмологқа жүгінуге себеп болуы тиіс. Маманның айтуынша, 40 жастан кейін профилактикалық офтальмологиялық тексерулердің маңызы ерекше артады.
Ұлттық госпитальда жүргізіліп жатқан тексерудің маңызды бөлігі науқастарды одан әрі тиісті мамандарға бағыттау. Егер диагностика барысында мамандандырылған көмекті қажет ететін ауру белгілері анықталса, науқасқа тиісті ұсынымдар беріліп, бейінді мамандардың кеңесіне жолданады. Көрсетілімдер болған жағдайда одан әрі емдеу, оның ішінде хирургиялық ем жүргізу мәселесі қарастырылады.
Мобильді орталықтың өткізу мүмкіндігі тәулігіне шамамен 50-60 адамды құрайды. Ұлттық госпитальдағы екі күндік жұмыс барысында 100-120-ға жуық науқасты тексеру жоспарланған.
Мұндай тексеру науқастарға алғашқы офтальмологиялық диагностиканы бір жерде өтуге, көру қабілетіндегі ықтимал бұзылыстарды дер кезінде анықтауға және қажет болған жағдайда одан әрі бақылау мен емдеу тактикасын айқындауға мүмкіндік береді.
Мамандар көру қабілетін сақтауда және асқынулардың алдын алуда ерте диагностиканың маңызды рөл атқаратынын атап өтеді. Сондықтан тұрақты профилактикалық тексеру көру мүшелерінің ауруларын уақтылы анықтаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып қала береді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің баспасөз қызметі