29 қыркүйекте оториноларинголог дәрігерлердің кәсіби күні атап өтіледі. ЛОР аурулары құлақ, мұрын және тамақ аурулары тыныс алу ағзалары ауруларының едәуір бөлігін құрайды. Ересек науқастар көбіне ринит, фарингит, синусит және тонзиллитке, сондай-ақ олардың созылмалы түрлерінің асқынуына байланысты жүгінеді. Бұл туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің оториноларинголог дәрігері Тана Джанысбаева айтты.
Жылы мезгілде поллиноз бен аллергиялық ринит өршіп, суға түскеннен немесе салқындап қалғаннан кейін отит жиі кездеседі. Құлақтағы шу мен есту қабілетінің төмендеуіне шағымдар артып келеді. Жастардың есту қабілетіне құлаққапты жоғары дыбыспен пайдалану кері әсер етуі мүмкін.
Тана Джанысбаева қан тамырларын тарылтатын мұрын тамшыларын бақылаусыз қолданудың қауіпті екенін айтты. Оларды жеті күннен артық қолдануға болмайды.
Адам тамшыны неғұрлым жиі қолданса, мұрынның шырышты қабығы соғұрлым қатты ісінеді. Біртіндеп тәуелділік пен дәрілік ринит қалыптасып, науқас препаратсыз еркін тыныс ала алмай қалады, - деп түсіндірді дәрігер.
Тамшыларды ұзақ қолдану шырышты қабықтың құрғауына, мұрын қуысында қабыршақтардың түзілуіне және мұрыннан қан кетуге әкелуі мүмкін.
Артериялық гипертензиясы және жүрек-қантамыр аурулары бар адамдарға сақтық қажет. Егер мұрынның бітелуі 10-14 күннен артық сақталса, мұрын маңы қуыстары ауырса, іріңді немесе қанды бөлінділер пайда болып, иіс сезу төмендесе, дәрігерге жүгіну керек. Көз айналасының ісінуі, көрудің бұзылуы, қатты бас ауруы, құлақтағы кенеттен пайда болған шу, бас айналу және есту қабілетінің күрт төмендеуі шұғыл тексеруді талап етеді. Тамақтың қатты ауыруы, жоғары температура, жұтынудың қиындауы немесе мойынның ісінуі тонзиллиттің асқынуын көрсетуі мүмкін.
Ұлттық госпитальде тексеру жабдықтар мен эндоскоптар арқылы жүргізіледі. Науқастарға диагностика мен ем көрсетіліп, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда хирургиялық емдеуге жіберіледі. Көбіне жіті аурулар, созылмалы синусит пен фарингиттің асқынуы анықталады.
Алдын алу үшін салқындаудан сақтану, қолды жиі жуу, бөлмені желдету, ауа ылғалдылығын сақтау, ауруларды уақытылы емдеу және тұмауға қарсы екпе алу ұсынылады.
Құлақ, мұрын және тамақ ауруларының белгілері пайда болған жағдайда Ұлттық госпитальге хабарласып, оториноларинголог дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Қабылдауға жазылу телефондары: 8 776 338 43 10 ұялы, 8 727 261 97 87 қалалық.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің баспасөз қызметі.